6 қарашада Астана мен Вашингтон Қазақстандағы ең ірі игерілмеген вольфрам кеніштерінің бірін игеру бойынша әріптестік орнататынын хабарлады. Қазақстан мен АҚШ аса маңызды минералдар бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Ақпаратқа қарағанда, келісім аясында америкалық Cove Kaz Capital Group компаниясы қазақстандық мемлекеттік тау-кен холдингімен біріккен кәсіпорынның 70 пайыз акциясын иеленеді. Келісімнің құны 1,1 млрд доллар деп айтылады. АҚШ экспорт-импорттық банкі (EXIM Bank) 900 млн доллар көлемінде қаржыландыру жөнінде ынта білдірген.
Қазақстандағы вольфрам кенішіне қатысты келісімге қол қойған Cove Kaz Capital Group бас директоры Пини Альтхаус келісімді "АҚШ пен оның маңызды минералды қажеттіліктерін қанағаттандыру жолындағы жеңіс" деп атады. Ол Reuters агенттігіне келісімді жасауға Трамп пен АҚШ сауда министрі Говард Латник көмектескенін, осылайша қытайлық компаниялардың кенішті игеруіне жол бермегенін айтты.
Қазан айының соңында Bloomberg Трамп командасы Қазақстандағы вольфрам кеніштерінің бірін игеруге қол жеткізуге тырысып жатқанын жазған еді. Басылым бұл кенішті игеруге Қытай да ниет білдіріп отырғанын да жазған еді. Вольфрамды Пентагон оқ-дәрі, снаряд өзге де қару түрлерін өндіруге пайдаланады. Қазақстан өнеркәсіп министрлігі ол кезде реакция білдірмеген.
Вашингтонда Қазақстан мен АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғаларының кездесуінен кейін Ақорда екі ел арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылғанын мәлімдеді.
"Әңгімелесу барысында екіжақты ықпалдастықтың кең көлемдегі мәселелері жан-жақты талқыланды, өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективті бағыттары нақтыланды. Сонымен қатар президенттер халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты" деп жазылған Ақорда хабарламасында.