Accessibility links

Барлау қызметі: Солтүстік Корея Ресейге 5 мың әскери құрылысшы мен 1000 саперін жіберді


Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Пхеньянның Ресейге 5 мың солтүстіккореялық әскери құрылысшы жібергенін хабарлады. Оңтүстік Кореяның "Ренхап" агенттігі мұны парламент депутаттарына сүйене отырып жазды. Барлау қызметі депутаттарға жабық брифинг өткізген.

Депутаттардың бірінің сөзінше, әскери құрылысшылар Ресейге қыркүйектен бері жіберіліп жатыр, олар инфрақұрылымды қалпына келтірмек.

Бұған қоса, Солтүстік Кореядан Ресейге шамамен мың сапер жіберілгені де хабарланды, олар былтыр тамыздан бастап биыл көктемге дейін шайқас болған Ресейдің Курск облысын минадан тазарту жұмыстарына қатыспақ.

Курск шайқастарына солтүстіккореялықтар да қатысқан.

Америка барлау қызметінің хабарлауынша, соғысқа он мың солтүстіккореялық сарбаз қатысқан. Бірнеше мыңы соғыста қаза болған деп айтылады. 2025 жылы сәуірде Владимир Путин солттүстіккореялық әскерге алғыс айтқан. Кореяның орталық телеграф агенттігі де солтүстіккореялықтардың Ресейдегі шайқастарға қатысқанын растаған.

2025 жылы маусымда ТАСС агенттігі Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгу мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның Пхеньяндағы келіссөзі нәтижесінде Ресейге мың сапер мен 5 мың әскери құрылысшы жіберілетінін хабарлаған. Олар Курск облысын қалпына келтіретіні айтылды.

Дегенмен АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Ресейдің шекаралық облыстарында жаңа барғандардан бөлек, шамамен он мың солтүстіккореялық сарбаз әлі де бар. Олардың кейінгі айларда шайқастарға қатысқаны туралы мәлімет жоқ.

XS
SM
MD
LG