Accessibility links

Прокуратура Алмасбек Садырбай ісінің барысын айтты. Белсендінің өзі заңсыздық туралы үндеу жасады


Алмасбек Садырбай. Мұрағаттан алынған сурет.
Алмасбек Садырбай. Мұрағаттан алынған сурет.

Алматы облысының прокуратурасы ауыл шаруашылығы саласының маманы Алмасбек Садырбай және тағы алты адамға қатысты тергеу амалдары жазда аяқталғанын хабарлады. Олар алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру, қылмыстық топтың ісіне қатысу бойынша күдікке ілінген. Прокуратураның хабарламасын ҚазТАГ жариялады.

"Биыл 20 маусымда облыстық прокуратураның ведомствоаралық тергеу тобы Алмасбек Садырбай және тағы алты адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы, 218-бабының 1-бөлігі және 262-бабының 1 және 2-бөліктері (ірі алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру және ұйымдасқан қылмыс, барлығы 27 эпизод) бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Іс 349 томнан тұрады, 182-сі - негізгі тергеу амалдары, ал 167 томында құжаттық дәлелдемелер бар" деп жазылған облыстық прокуратура хабарламасында.

Ведомствоның хабарлауынша, 20 маусым мен 15 қыркүйек аралығында жәбірленушілер – аймақтық ауыл шаруашылығы басқармасының төрт өкілі іспен танысқан. 15 қыркүйектен бастап 7 күдікті және олардың 9 қорғаушысы іспен таныса бастаған. Бұл процесс желтоқсанның ортасында аяқталуы мүмкін.

Ал қамаудағы Алмасбек Садырбайдың өзі осы аптада іс бойынша президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, тергеудегі заңсыздық туралы айтып, әділдік сұрады.

Ол өзінің үндеуінде кейінгі жылдары Қазақстандағы шағын және орта фермерлердің құқықтарын қорғап, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін қозғағанын, агроолигархтардың ауыл шаруашылығы министрлігінің шешімге қысымын сынағанын жеткізеді. Өзінің қамалғанын сонымен байланыстырады.

Ол Алматы облыстық прокуратурасын "Алматы қаласындағы 6 элиталық пәтеріне арест қойылды" деп БАҚ арқылы жалған ақпарат таратты" деп те айыптады. Тергеу амалдарының әділ жүрмегенін де айтты.

"Менің ойымша, мұндай жарияланымдар қоғамды адастыруға және менің беделіме нұқсан келтіруге бағытталған. Жұрт менен теріс айналып, президент менің үнімді естімес үшін" деп жазылған Садырбайдың үндеуінде.

Оның үндеуін адвокаты жариялады. Садырбай өзінің құқықтары талай рет бұзылғанын, өзі қамалғалы бері үш қана тергеу жүргізілгенін айтты.

"Мені тұтас бір жыл қамауда ұстағаннан не пайда? Қазіргі кезде қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр. Қазірдің өзінде біржақтылық, тергеудің толымсыздығы, айыптау жағына қарай басымдық беру сияқты көп заңсыздық байқалады" дейді Алмасбек Садырбай үндеуде.

Алмасбек Садырбай былтыр қарашада ұсталған. Былтыр қарашада қаржы мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі 1,2 млрд теңге көлемінде қаражат ұрланғанын, "Шаңырақ" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ұсталғанын айтқан.

‎Алмасбек Садырбай — фермер әрі қоғам белсендісі, "Шаңырақ" ұйымын және қойшылардың "Шопан ата" қауымдастығын басқарып, саладағы өткір мәселелер жайлы айтып келген.

XS
SM
MD
LG