Accessibility links

Қазақстан Ибраһим келісіміне қосылады


АҚШ президенті Дональд Трамп және Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол алысып тұр. Вашингтон, 6 қараша 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп және Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол алысып тұр. Вашингтон, 6 қараша 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп бейсенбі күні Қазақстан Израиль және мұсылман елдері арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үшін Ибраһим келісіміне (Авраам келісімі деп те аталып жүр) қосылады деп мәлімдеді.

"Мұны ресми қылу үшін жақын арада қол қою рәсімін жариялаймыз. Күш клубына қосылғысы келетін елдер көп" деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Ізінше Ақорда да Қазақстанның бұл келісімге қосылатынын растады.

Ақорданың хабарлауынша, Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль премьері Беньямин Нетаньяху телефонмен сөйлескен.

"Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады. Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі" деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Биыл жазда Трамп әкімшілігінің Бакумен Әзербайжан және Орталық Азиядағы кейбір одақтастарын Авраам келісіміне қосу мәселесін қызу талқылағаны жөнінде ақпарат шыққан.

БАӘ, Бахрейн, Марокко және Судан қол қойған Ибраһим келісімі Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді көздейді.

Бірқатар араб елдері келісімнен бас тартқан. Сауд Арабиясы Израиль Палестина мемлекетін мойындамайынша Израильді мойындамайтынын айтқан. Газадағы ауыр ахуал мұсылман елдерінің келісімге қосылуын қиындатқан.

XS
SM
MD
LG