Accessibility links

Шымкентте “ақша бопсалады” деген күдікпен блогер-журналист ұсталды


Шымкент әкімдігі. Көрнекі сурет.
Шымкент әкімдігі. Көрнекі сурет.

Шымкентте “ақша бопсалады” деген күдікпен блогер-журналист ұсталды. Бұл жөнінде Polisia.kz сайты хабарлады.

“Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті әкімдік қызметкерінен 10 миллион теңге көлемінде ақша талап еткен. Ол бұл сомаға әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың қызметін қаралайтын материалдарды таратпауға уәде берген” деп жазылған полиция хабарламасында.

Қылмыстық іс қозғалған. Күдіктінің тұратын жері мен кеңсесіне де тінту жүргізілгені, электрондық құрылғылар және өзге де заттар тәркіленгені хабарланды.

Күдіктінің аты-жөні айтылмайды. Оны қорғаушы тараптың да мәлімдеме жасағаны жөнінде ақпарат жоқ.

Қазақстанда кейінгі кезде осыған ұқсас ақпараттар жиіледі. Өткен айда Атырауда "кәсіпкерден 10 млн теңге бопсалады" деген күдікпен журналист ұсталғаны белгілі болған. Полицияның хабарлауынша, ақшаның бір бөлігін ол "делдал арқылы алған, ол қонақүйде ұсталған". Мұндай жайттарға қатысты ақпараттар көп жағдайда ресми орындардың хабарламалары негізінде таралып жатыр.

XS
SM
MD
LG