Accessibility links

Түлкібаста атыстан бір адам қаза тауып, үшеуі жараланған


Түркістан облысы Түлкібас ауданында болған атыс салдарынан бір адам қаза тауып, үш кісі жараланған. Жергілікті басылымдардың жазуынша, оқиға 2 қарашаға қараған түні болған.

Облыстық полиция департаменті күдікті ретінде бір адам қамауға алынғанын хабарлады.

"Іс-шаралар барысында аз уақыт ішінде күдіктілердің жеке басы анықталды. Олардың бірі ұсталып, қамауға алынды", – делінген полиция ақпаратында.

Оқиғадан зардап шеккен үш адам аудан орталығындағы ауруханаға жеткізілген. Олардың аяғына оқ тиген. "Курсив" басылымының жазуынша, дәрігерлер оқ тиіп жараланғандардың "жағдайы бірқалыпты, орташа ауыр" деп сипаттаған.

"Екеуі палатада жатыр, өзін-өзі күтуге қабілетті. Тағайындалған көлемде толық ем-дом жасалып жатыр. Жалпы жағдайлары жақсарып келеді", – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Полиция Түлкібас ауданындағы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы бойынша іс қозғап, оқиғаға қатысы бар екінші адамды іздестіріп жатқанын айтты. Ресми орындар оқиға салдарынан қаза тапқан, зардап шеккен және күдікке ілінген адамдардың кім екені, жас шамасы жөнінде ештеңе айтпады.

Жергілікті басылымдар атыс оқушылар арасында болған деген бейресми ақпарат барын жазды. Түркістан облыстық білім басқармасы әзірге мұны растайтын не теріске шығаратындай түсініктеме берген жоқ.

XS
SM
MD
LG