Украина Ukraine Facility бағдарламасы аясында 1,8 миллиард еуро көлеміндегі бесінші траншты алу үшін қажетті талаптарды орындады. Бұл туралы Еуропалық кеңес хабарлады. Ресми мәліметке сай, Киев бағдарламада көзделген он талаптың тоғызын орындаған.
"Қаржыландырудың негізгі мақсаты — Украинаның макроқаржылық тұрақтылығын нығайту және мемлекеттік басқару жүйесінің ары қарайғы жұмысын қолдау", — делінген Еуроодақтың ресми мәлімдемесінде.
Ukraine Facility — Еуропа одағының Украинаға соғыс кезінде және одан кейінгі қалпына келтіру кезеңінде көмек көрсетуге арналған қаржы бағдарламасы. 2024-2027 жылдарға есептелген бұл бағдарламаның шарты бойынша, Украина ішкі реформаларды жүзеге асыруға тиіс.
Бағдарлама бойынша Украинадағы қалпына келтіру іс-шаралары мен реформаларға 2027 жылға дейін жалпы көлемі 50 миллиард еуроға дейін қаржы бөлу қарастырылған. Оның шамамен 33 миллиарды — жеңілдікпен берілетін несиелер, ал қалған бөлігі — грант түрінде беріледі. Бұл қаражаттың кемінде 20 пайызы соғыс салдарынан зардап шеккен инфрақұрылымды қалпына келтіруге бағытталады.
Еуропа одағының дерегінше, бағдарлама іске қосылғалы бері Украина әртүрлі транштар арқылы шамамен 23 миллиард еуро алған. Грант қаражатының бір бөлігі Еуроодақ аумағында бұғатталған ресейлік активтер есебінен қаржыландырылып отыр.