"Қайрат" "Интерден" жеңілсе де, мықты қарсыласқа төтеп берді

Матчтың алғашқы 20 минутында "Интер" "Қайратты" қыспаққа алып, айып алаңында бірнеше қауіпті соққы жасаған. Бірақ "Қайрат" қақпашысы Темірлан Анарбеков пен қорғаушылар қақпаны голдан сақтап қалды.

Қақпашы Темірлан Анарбековтың тағы бір қауіпті сәттің бетін қайтарған кез.

Ал ойынның 45-минутында "Интердің" аргентиналық ойыншысы Лаутаро Мартинес (10-нөмерде) есеп ашып кетті.

55-минутта "Қайраттың" израильдік ойыншысы Офри Арад (15) бұрыштан асырылған допты қақпаға баспен бағыттап, есепті теңестірді. Бұл - "Интердің" биылғы маусымда Чемпиондар лигасында қақпасына өткізіп алған алғашқы голы.

Офри Арад гол салғанына қуанып жатқан сәт.

Осы голдан кейін "Интер" есепті еселеуге күш салып, шабуылды үдетті.

"Қайраттың" ойыншысы Дастан Сәтпаев "Интер" ойыншыларымен допқа таласып жатыр.

"Қайраттың" бразилиялық шабуылшысы Эдмилсонның да матч кезінде гол салатын мүмкіндігі болды. Бірақ соққылары қиыс кетті.

67-минутта "Интердің" бразилиялық ойыншысы Карлос Аугустудың айып алаңының маңынан тіке тепкен добына "Қайрат" қақпашысы Анарбековтың қолы жетпей, гол кіріп кетті. 2:1 есебі ойын соңына дейін сақталды. Қазір "Интер" Чемпиондар лигасында төрт ойынның төртеуінде де жеңіске жетіп, лидерлердің қатарында келеді.

Бұл – "Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы төртінші матчы. Бұған дейін сырт алаңда Португалияның "Спортинг" командасынан (1:4), Алматыда Испанияның "Реал Мадрид" клубынан (0:5) жеңілген еді. Кейін Алматыда өткен тағы бір ойында Кипрдің "Пафос" клубымен 0:0 есебімен тең түскен.

Енді "Қайрат" 26 қарашада сырт алаңда "Копенгаген" (Дания), 9 желтоқсанда өз алаңында "Олимпиакоспен" (Грекия), 20 қаңтарда өз алаңында "Брюггемен" (Бельгия), 28 қаңтарда Лондонда "Арсеналмен" ойнайды.

Қазанның соңында Рафаэль Уразбахтин жаттықтыратын "Қайрат" Қазақстан чемпионы атанған. 2026 жылы Алматының командасы тағы да Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде ойнап, негізгі кезеңіне шығуға талпынып көреді.

Футболдан Алматының "Қайрат" командасы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Миланда "Интер" клубымен ойнап, 1:2 есебімен жеңілді. Матч алдында "Қайрат" былтырғы Чемпиондар лигасының финалында ойнаған "Интерден" ірі есеппен жеңілуі мүмкін деген болжамдар да айтылған. Бірақ матчта Алматының командасы бір гол салып, қақпашы мен қорғаныс бірнеше қауіпті сәттің бетін қайтарды.