Конгресс мүшесі Тоқаевпен кездесу кезінде Азаттық тілшілеріне аккредитация беру маңызды екенін айтты

Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғалары және конгрессмендердің кездесуі. Вашингтон, 6 қараша 2025

АҚШ конгресінің мүшесі Сидни Камлагер-Дав Азаттыққа сұхбатында Қазақстан президенті Тоқаевпен кездескенін, онда Азаттық тілшілеріне аккредитация беру маңызды екенін ескерткенін жеткізді.

"Қазақстан президентімен кездесуде Азат Еуропа/ Азаттық радиосы туралы да сөз қозғадық, және мен оған журналистердің аккредитациясын қамтамасыз ету бағытында бізбен бірлесіп жұмыс істегені үшін ризашылық білдірдім. БАҚ еркіндігі және Азат Еуропа/Азаттық радиосының Орталық Азия елдерінде еркін жұмыс істей алуы мен үшін ерекше маңызды. Бізде жаңалықтарды жариялауда ашықтық пен жауапкершілік болуы қажет. Журналистер өзін қауіпсіз әрі еркін сезініп, шынайы ақпарат тарата алуы тиіс. АҚШ Орталық Азия елдерімен бірлесе отырып, журналистердің аккредитациясын үздіксіз қамтамасыз етуге ықпал етуге міндетті. Себебі шындыққа көз жеткізу барған сайын қиындап барады. Сондықтан демократиялық елдер мен демократиялық құндылықтарды ұстанатын мемлекеттер шындықты жеткізу жолында қауіп-қатерге қарамай еңбек етіп жүрген журналистердің еркін де адал жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек" деді Сидни Камлагер-Дав.

Ақорданың жазуынша, мемлекет басшысы АҚШ Конгресі өкілдер палатасының мүшелері Джимми Панеттамен, Кэрол Миллермен, Билл Хайзенгамен және Сидни Камлагер-Давпен кездескен.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тоқаев Конгрестегі Джимми Панетта басқаратын «АҚШ – Қазақстан» достық тобы (кокус) қос халық арасындағы саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық кооперация мен байланыстар аясын кеңейтуге ықпал етіп отырғанына назар аударған.

"АҚШ – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі. Құрама Штаттар еліміздің экономикасына 100 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бұл – Орталық Азияға бағытталған жалпы инвестиция көлемінің 80 пайызы. Сонымен қатар Президент конгрессмендерге елімізде жүргізіліп жатқан жан-жақты саяси және экономикалық жаңғырулар жөнінде әңгімеледі" деп жазылған хабарламада.

АҚШ конгресі қаржыландыратын Азаттық радиосы Қазақстанға да хабар таратады, 1990-жылдардың басынан бері журналистері ел ішінде жүріп жұмыс істейді. Қазақстан заңы бойынша, шетелдік БАҚ өкілдері ел аумағында жұмыс істеуі үшін жергілікті сыртқы істер министрлігінен аккредитация құжатын алуы керек. Биыл Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 16 журналисін аккредиттеуден бас тартқан.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Стивен Капус Қазақстан сыртқы істер министрлігінің шешімі Қазақстан Конституциясына қайшы деп санайды.

  • Бұған дейін халықаралық баспасөз қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Азаттық тілшілеріне аккредитация беріп, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге үндеген. Нью-Йоркте орналасқан "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) дүйсенбі, 18 тамыз күні Қазақстан билігіне үндеу жолдап, Азаттық радиосының 16 тілшісін аккредиттеуге шақырған.
  • Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists – IFJ), Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуылға теңеп, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға үндеген.
  • "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.