Молдова Кишиневтегі "Орыс үйін" жабатынын мәлімдеді

Кишинев қаласы.

Молдова үкіметі Ресеймен мәдени орталықтар туралы келісімді жарамсыз деп тану туралы заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес, Кишиневтегі "Орыс үйі" жабылады. Құжат парламенттің қарауына жіберіледі деп хабарлады Radio Moldova.

Мәдениет министрі Кристиан Джардан орталықтың 1998 жылғы келісім бойынша ашылғанын, оның мерзімі 2026 жылы аяқталатынын және ұзартылмайтынын айтты.

Шенеуніктер Кишиневтегі "Орыс үйін" "Кремльдің ықпал етуінің гибридтік құралы" деп санайды. Молдованың Ресейде мұндай мәдени орталығы жоқ.

Кремльдің өкілі Дмитрий Песков Молдова билігі «Ресейге қатыстының бәрін жоққа шығарып жатыр» деп мәлімдеді.

Ал "Россотрудничество" ұйымы әзірге "Орыс үйі" қалыпты жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Бұған дейін Молдова билігі Ресейді сайлауға араласып, елді тұрақсыздандыруға тырысты деп айыптаған еді.

Әзербайжан астанасы Бакудегі "Орыс үйі" екі ел арасындағы қарым-қатынастың нашарлауына байланысты биылғы ақпанда жабылған.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін мұндай ұйымдар бірнеше елде жабылды.Бірақ соған қарамастан бірқатар батыс елдерінде белсенділігі аз болса да, жұмысын жалғастырып жатыр.

Осы көктемде Оштағы "Орыс үйінің" қызметкері Наталья Секерина «соғысқа адам тартты» деген күдікпен ұсталған. Кейінірек ол сот шешімімен үйқамаққа алынды.