Қазақстан мен АҚШ аса маңызды минералдар бойынша меморандумға қол қойды

Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және АҚШ сауда министрі Хоуард Латник. Вашингтон, 6 қараша, 2025 жыл.

Қазақстан мен АҚШ аса маңызды минералдар бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл жөнінде Қазақстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады. Құжатқа Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен АҚШ сауда министрі Хоуард Латник Вашингтонда қол қойды. Рәсімге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан.

Тоқаев бастаған Қазақстан делегациясы "Орталық Азия – АҚШ" саммитіне қатысту үшін Вашингтонға барған. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан басшылары мен АҚШ президентінің «С5+1» форматындағы саммиті 6 қараша Ақ үйде өтеді. Жоспар бойынша ортақ кездесуден кейін Вашингтонда кешкі ас ішеді.

Саммит аясында Қазақстан президенті АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен, сауда министрі Хоуард Латникпен және АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Серджио Гормен кездескен. Олар екіжақты және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

Сарапшылардың болжамынша, саммитте сирек металл мәселесі талқыға түсуі мүмкін. Қазан айында Пекин АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы аясында сирек металл экспортына шектеу қойып, Вашингтонның қазба байлығы мол Орталық Азияға қызығушылығы арта түскен. Ал Орталық Азия елдері болса, Ресей, Қытай және Батыс мүдделері арасында тепе-теңдік ұстауға тырысып бағады.

Саммит қарсаңында Human Rights Watch, Amnesty International сияқты бірқатар халықаралық құқық қорғау ұйымы жиында Орталық Азиядағы адам құқығы мәселесіне назар аударуға үндеген. Human Rights Watch мәлімдемесінде Орталық Азияда репрессия, БАҚ пен билік сыншыларына қысым күшейгенін айтқан. АҚШ мемлекеттік департаментінің есебіне сүйенген HRW аймақтан азаптау, азаматтық белсенділер мен оппозиция қайраткерлерін жосықсыз ұстау туралы сенімді хабарлар түсіп жатыр; сөз еркіндігі қатты шектелген, журналистер қызметі үшін қудаланып отыр, жемқорлық кең тараған деді. Дегенмен сарапшылар бұл үндеудің еленуі екіталай дейді.