«Орталық Азия – АҚШ» саммиті қарсаңында республикашыл сенатор Джеймс Риш АҚШ мемлекеттік департаментіндегі шара кезінде осы аптада Конгресс Джексон-Вэникке түзетуді алып тастауға бағытталған заң жобасын енгізетінін айтты. Бұл жөнінде Reuters жазды. Ақпарат агенттігі сенатордың сөзінен үзінді келтірмейді.
Осыған дейін Қазақстан бұл тізімнен өзін алып тастауды бірнеше рет сұраған.
Джексон-Вэник түзетуі – бұл 1974 жылы АҚШ қабылдаған, көші-қонға кедергі келтірген немесе адам құқығын бұзатын елдермен сауда-саттықты шектеуге мүмкіндік беретін АҚШ-тың сауда туралы заңына енгізілген түзету. Аталған түзетуге қатысы бар елдер АҚШ-қа тауар тасымалдаған кезде өте жоғары баж салығын төлеп, импорт-экспорттық шектеулерге тап болуы мүмкін.
Осы шектеуге ұшыраған кейбір елдер Совет одағы құлағаннан кейін тізімнен шығарылған. 2000-2012 жылдары Қырғызстан, Грузия, Украина, Армения, Молдова және тіпті Ресейдің өзі де тізімнен шықты. Бірақ Орталық Азияның қалған елдеріне қатысты түзету күшінде қалған.
Reuters жазуынша, 5 қарашада АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жоғарыда аталған шарада келесі жылы Орталық Азия елдеріне сапарлайтынын мәлімдеген. Ол табиғи ресурстарды игеру бойынша мәселеде АҚШ пен Орталық Азия елдерінің мүдделері сәйкес келеді деп айтқан.
“Сіздер Құдай сыйлаған ресурстарыңызды пайдаланып, оны жауапты дамуға жұмылдыруға талпынып жатсыздар, бұл экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді” деді Рубио. “Өз басым бұл елдерге келесі жылы баруды жоспарлап отырмын” деді ол.
Оның сөзінше, іссапар бір аптаға созылуы мүмкін.
6 қарашада Вашингтонда «Орталық Азия – АҚШ» саммиті өтеді. Сарапшылардың болжамынша, Вашингтонда өтетін "Орталық Азия және АҚШ" саммитінде сирек металл мәселесі талқыға түсуі мүмкін. Қазан айында Пекин АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы аясында сирек металл экспортына шектеу қойып, Вашингтонның қазба байлығы мол Орталық Азияға қызығушылығы арта түскен. Ал Орталық Азия елдері болса, Ресей, Қытай және Батыс мүдделері арасында тепе-теңдік ұстауға тырысып бағады. Саммит қарсаңында бірқатар құқық қорғаушылар саммит қатысушыларын адам құқығы мәселесіне назар аударуға үндеген. Дегенмен сарапшылар бұл үндеудің еленуі екіталай дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытай сирек металға шектеу қоймағанда саммит болмас еді"