Трамп: Путинмен саммит Украинаға қарсы соғыстың жалғасуына байланысты өтпей қалды

Солдан оңға қарай: Джей Ди Вэнс, Виктор Орбан және Дональд Трамп, Вашингтон, 7 қараша 2025 жыл.

Ресей президенті Владимир Путинмен саммит Украинаға қарсы соғыстың жалғасуына байланысты өтпей қалды. Ақ үйде Венгрия премьері Виктор Орбанмен кездесу кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп осылай деп мәлімдеді.

"Олар әзірге соғысты тоқтатқысы келмейді, басты мәселе сонда болып отыр" деді Трамп.

Дегенмен АҚШ басшысы Будапеште Путинмен болашақта кездесуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Трамптың сөзінше, Венгрияда теңізге шығатын жол болмағандықтан Будапешт Ресейдің энергоресурстарына қатты кіріптар. Бұл мүмкіндіктен айырмас үшін АҚШ Венгрияны ықтимал санкциялардан арашалағысы келеді.

Трамп пен Орбан арасындағы келіссөздегі басты мәселелердің бірі энергетика мәселесі болды. The Guardian жазуынша, Венгрия премьерінің сапары 2026 жылғы сайлау алдында Орбанның өз позициясын нығайту талпынысымен де байланысты.

Кездесу кезінде тараптар Ресей-Украина соғысы мен сауда мәселелерін талқылады. Ортақ баспасөз жиыны кезінде Трамп пен Орбан соғыс жуырда аяқталатынын, алайда Украинаның жеңісі "тылсым күштерді" талап ететінін айтты.